Жеңіс! Жеңіс тебіренткен бар жанды,
Қуаныштан жанарлардан жас тамды.
Халқым аңсап, күткен ізгі үмітпен,
Бейбіт күннің ұлы маршы басталды.Әр жүректе лаулап жатты алаулар,
Еріп түсіп, мұз боп қатқан қыраулар.
Қуаныштан көкке атылған салюті,
Сүйіншілеп, дабыл қаққан қоңыраулар.
Қара бет боп тізе бүккен дұшпанның,
Көрмеу үшін, бар адамзат лас қанын.
Жалауларын отқа жағып,күл қылып,
Қандай әсем, табаныңа басқаның.
Асқақ ойнап, Отанымның гимні
Ер ұлдарым, гүлден тәжі киінді.
Азаттық пен еркіндікті қорғаған,
Олар үшін, бүкіл әлем иілді.
Ту қып ұстап туыстығын елімнің,
Отанымның ақтап шыққан сенімін.
Тарих – ана, жеңімпазын паш етіп,
Келер күнге, жазды өшпес ерлігін.
Нұрын төгіп, тыныштықпен алтын күн,
Ақ тілегін,шашу қылып халқымның
Ұлы Жеңіс құдыретін жыр қылып,
Толғандырған жас қанатты ақынын.
Өтер жылдар, өтер тіпті ғасырлар,
Келер ұрпақ, ерлік даңққа бас ұрар!
Естен кетпес, Жеңіс күні және де,
Отан үшін, жанын қиған асылдар!









